Аудан мұғалімдерімен тәжірибе алмасу

Желтоқсанның 13-жұлдызында «Өрлеу» Павлодар филиалының ғылыми-зерттеу қызметі шеңберіндегі «Тілдік мүмкіндіктер мектебі»  инновациялық жоба аясында Павлодар ауданы мен қалалық №39 инновациялық үлгідегі мектеп ұстаздарының семинары өтті. Жоба бағытының бірі – ауыл мектептерінің мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсету болып табылады.

Естеріңізге сала кетсек, институтпен Павлодар ауданының білім беру бөлімі және қалалық №39 мектебімен үшжақты ынтымақтастық туралы шарт жасалған еді. Оның негізінде қала мектебі көптілділікті дамыту мен топтық сабақ беруді жетілдіру бойынша ауыл мектептерінің мұғалімдерімен тәжірибесімен бөлісуде.

Институт қабырғасында өткен семинарда алғашқы болып «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығының директоры Р. Ашимбетова сөз сөйледі. Ол бүгінгі таңда білім беру саласында көптілділік дамуының аса өзектілігін атап өтіп, қатысушыларға бір-бірімен тәжірибе алмасып, білімдерінің еселеп  шыңдалуын тіледі.

  • Бүгінгі таңда заман мен білім беру жүйесі ұстаздардан көптілділікті дамытуды талап етеді. Осыған орай біз Өрлеумен бірігіп, «Тілдік мүмкіндіктер мектебі» атты инновациялық жобаны жүзеге асырудамыз. Осы күнге дейін Павлодар ауданының Розовка, Ямышево, Кемеңгер мектеп мұғалімдерімен бірігіп көптілділік сабақтары бойынша жұмыс жасадық. Қазір де оқу ордамыздың ұстаздарының жинаған шеберлігімен бөлісуге дайынбыз, — деді №39 орта білім беру мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмысы бойынша орынбасары, жоба жетекшісі М. Х. Тулькубекова.

Семинарға аудандық білім беру өкілдері мен отызға жуық ауыл мұғалімдері қатысты. Іс-шара екі бөлімнен тұрды. №39 мектеп мұғалімдері Б.А. Канапина, О.А.Чучко, Л.Ю. Ажибаева жиналған ұстаздармен коучингтік сабақ өткізді. Қатысушыларды бірнеше топқа бөліп, «Командалық оқыту — оқыту мазмұнын жаңартудың заманауи тәсілдерінің бірі ретінде» атты тақырыбын практика жүзінде тыңдаушыларға жеткізе білді. Оларға тапсырмалар беріліп, әрбір топ өз бағыты бойынша орындалған тапсырмаларын қорғады. Сонымен қатар, кейбір ұстаздар топтық оқытуда өздері қолданатын әдістерін ұсынды. Семинардың екінші бөлімінде жауапты ұстаздар 39 мектеп базасында топтық ашық сабақтардың видеоматериалдарын көрсетіп, тыңдаушы мұғалімдермен заманауи мектепте пәндер интеграциясының өзектілігі тақырыбына талдау жасады.

Семинар жиналған мұғалімдердің көңілдерінен шығып, командалық оқыту тәжірибесін өз сабақтарында қолдануға дайын екенін атап өтті.

Автор записи: Асет Жакиянов