Есімі елдің есінде Өресі биік ұстаздың ұлағаты

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы сынды «Ұлы даланың жеті» мақаласында айрықша атап айтылғандай елдің есінде есімі сақталған танымал тұлғаларды ұлықтау басты парызымыз. «Өрлеу» «БАҰО АҚ филиалы Павлодар облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының білім мұражайы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болатын, тәлім-тәрбие беру мақсатында Разия Молдабекованың ұстаздық дара жолын зерттеу мақсатында арнайы бейнефильм жасау ісін ұрпақтарымен бірге қолға алға алып, дайындадық, бүгінгі күні Разия Асқарқызын еске алу мақсатында Павлодар облысының мектеп мұражай жетекшілеріне арналған вебинар ұйымдастырдық.Оған Разия Асқарқызын көзі көрген ардагер-ұстаздар мен ұрпақтары шақырылды.

Басты мақсат өңірдің білім беру саласына зор үлес қосқан майталман маман, Қазақ КСР ағарту ісінің еңбегі сіңген ұлағатты ұстаз, қайраткер педагог атанған абырой мен бедел иесінің тағылымын зерделеу. Ізгілікті ісімен елдің есінде қалған №10 Абай атындағы қазақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің тәжірибелі тәлімгері көзі тірі болғанда биылғы желтоқсан айының 28-і күні, яғни күні кеше 95-жасқа толар еді.

Разия Асқарқызы 1925 жылы 28 желтоқсанда Лебяжі ауданына қарасты Қорт ауылында дүниеге келген. Оның атасы Молдабек деген қажы болған. Замандастарының арасында зейінімен дараланып, білім мен ғылымды діни оқудың кеңістігінен таба алған зерделі жан екен. Ұшқан ұясынан тектілікті бойына дарытқан талапты жас қазақтың ұлттық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынның негізінде тәрбие алған. Сондықтан отбасының атағына дақ түсірмей, бар болмысын ізгілікті істерге арнады. 1942 жылы Павлодар қаласындағы №10 Абай атындағы қазақ орта мектебін бітіргенен кейін Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетіне оқуға түседі. Бұл оқу орны Республикадағы ең алғаш жоғары білім беретін институт болып саналатын. Екінің бірі түсе бермейтін оқу орны еді. Бұл уақыт Ұлы Отан соғысының ең ауыр жылдары болатын.Разия Асқарқызы студенттік тұрмыстың ауыртпалығына қарамастан алғашқы күндердің өзінде-ақ ұлы адамдардан білімге, ғылымға аса құштарлықпен зер салып оқыды. Сол кезден бастап студенттер арасындағы ғылыми конференцияларға, қазақ әдебиетінің әр түрлі жанрларынан ғылыми баяндама жасап, белсенділік танытатын. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында халқымыздың аса көрнекті ғұлама-оқымыстылары дәріс оқитын еді. Солардың ішінде Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Сәрсен Аманжолов, Шамғали Сарыбаев және тағы да басқа танымал тұлғалар бар болатын. Сонымен бірге ол он бес одақтас республикадағы ұлттық әдебиеттің көрнекті қайраткерлері жазған таңдаулы туындыларымен танысуды дағдыға айналдырды. Жоғарғы курстарда әлемдік деңгейдегі мықты классиктердің ең үздік шығармаларының іздеп жүріп оқитын еді.

1946 жылы институтты үздік бітірген дипломды жас маман Павлодар қаласындағы Абай есімін иеленген №10 қазақ орта мектебінде алғашқы ұстаздық қызметін бастайды. Разия Асқарқызы осы аймақта қазақ зиялы қауымының негізін қалауға және жергілікті жастардың түрлі кәсіпті иегеруіне ерекше ықпал жасаған ұлағатты ұстаз. Әдебиет пен көркем өнердің байланысы олардың тақырыптық және идеялық ортақтастығы мен мақсат бірлігін құрайды. Егер әдебиет музыкамен үйлесім тапса, екіуінің де бағының жанғаны. Өйткені әдебиет адамтану ғылымы болса, музыка – сол адамның жан азығы. Жас маман жоғары сыныптардағы әдебиет пәні сабақтарында көрнекілік мақсатында эмоциялдық әсерді күшейту үшін бейнелеу өнері туындылары мен музыкалық шығармаларды, фильмдердің үзінділеріне қоса спектакльдердің қажетті бөліктерін әдістемелік тұрғыдан тиімді пайдалану жаңашылдығын енгізуімен ерекшеленді. Сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстарға өте үлкен мән беруі барысында үйірмелердің кең тынысын ашты. Мыңдаған шәкірттері мен жүздеген әріптестері саналы ғұмырын білім саласының ілгері дамуына арнаған парасатты педагогтың бөлек болмысы мен бітімін еш ұмытқан емес. Бұл сөзімізге олардың әр жылдары жазған естелік әңгімелері нақты дәлел.

— Сол кезде мұғалімдері оқытатын пәндері бойынша қорытынды жасап, кештер ұйымдастыратын. Абай ақынның шығармашылығына байланысты басқосуы ұтымды үйлестірілуімен жиналғандардың көңілінен шыққаны бар. Көркем сөз бен әуелеген әнді айтпағанда жекелеген көріністермен мазмұнын жаңаша қырынан барынша көркемдеуі бәрімізді таң қалдырған еді. Оның байсалды қимылы мен сәнді киіміне терең білімі жарасымды астасқанда жарық жұлдыз шуақ шашып тұрғандай көз қызықтыратын. Баршамызды ақ жарқын, кішіпейіл мінезімен бірден баурап алатын қадірлі қасиетін де әлі ұмытқан жоқпыз. Жас ұстаздарға үнемі қамқорлық көрсетіп, сабақтарында әділ талдау жасаған соң байыппен баға беретін. Кейбір кемшін тұстарын түзетудің амалдарын айтатын. Тіпті жаңа киім алсақ оның түсі мен жарасымдылғына көңіл бөліп, таңдауыңа кеңесін қосатын. Қонақжайлығы керемет еді. Түрлі тағамдар жасағанын да ортаға салып, өзгешелігін айтып отыратын, — дейді үшінші дәрежелі «Ана даңқы», Ұлы Отан соғысының тылдағы еңбегі үшін және Еңбек ардагері медалдарының иегері, орыс тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берген замандасы Ибраева Зару Мажитқызы «Шұғылалы білім ордасы» кітабындағы жазбасында.

— Ана тілімізе құрмет ұлағаты ұмытылмас ұстазым берген біліммен бойымызға сіңгені анық. Рауза мен Разия есімді апалы-сіңілі мұғалімдер оқушыларды қоғамдық істерге қызықтыру арқылы, белсенділігімізді арттырды. Разия Асқарқызының басқалардан ерекшелігі сыныпқа қоңыраудан кейін кіргендерге қатты сөз айтып, дауыс көтермейтін. Желді күні сырттан жүгіріп келген баланың шашы үрпейіп тұратынын білеміз. — Чердакта ұйықтаған Гавриллаға ұқсап, неғып тұрсың, отыр орныңа, — деуі арқылы кемшілігін кезекті мәрте қайталамауға әсер ететін. Немесе, әр түрлі себептермен сабаққа дайындалмай келген оқушыға: — Баяғы жартас, бір жартас… отыра ғой, жаным» … сөзін естіген оқушының қандай күй кешетіні белгілі, — дейді мектепт түлегі, ҚСР-нің Білім беру ісінің үздігі, Қазақстан мұсылман әйелдер лигасының облыстық төрайымы Зара Қожахметова Қабдышқызы.

— Апай бізге халқымыздың бай мақалы мен мәтелін орынды қолдануды үйретті. Сауатты жазу да ұстазымнан алған өнеге. Әдебиет үйірмесіне қатысып, жаңа шыққан кітаптарды толық оқыған соң жағымды және жағымсыз кейіпкерлердің мінез-құлқына қоса әрекеттерін де барынша талдап, авторына ой-пікірімізді жазып жүрдік. Жазушылар одағымен тығыз байланыста болған апайды қаламгерлер қауымы өте сыйлайтын. Оныншы класта оқитын кезім. 1964 жылдың мамыр айы еді. Жиналғандардың алдында ақынның поэмасын айтуға шықтым. Әсеріне беріліп кеткенім соншалық жүрек тұсым кеудемді қатты қағым қалыппын. Театрдағы тыңдаушылар орнынан түрып, ұзақ қол соқты. Разия Асқарқызы «балаға айтуға мүмкіндік берейік» — деп маған қолдау көрсетті. – Қалың көпшіліктің алдында ұстазыңның беделін биіктеттің, — деп кейіннен маған алғысын айтты, — дейді үлкен үміт күткен шәкірттерінің бірі Толеу Тілеуленов.

Дана да данышпан, кемеңгер де кемел біліктіліктің иесі аталынған Қорқыт ата: «Әйелдер төрт түрлі: бірісі – тұқымды аздырыды, бірісі тоймен тоздырады, бірісі үйдің тірегі, бірісі не айтсаң да қозғалмас» деген екен. Менің осы естелігімнің негізгі кейіпкеріболып отырған өзімнің тағдыр табыстырған адал жарым, балаларымның ардақты аяулы анасы Разия Асқарқызы Молдабекова. Шын мәнінде бұл кісі үйдің, отбасының тірегі, ажары, құт-берекесі болды. Разияның бұл қасиеттерін шаңыраққа келімді-кетімдіадамдардың бәрі бағалап, аңыз етіп айтып, үнемі үлгі тұтатын. Осы қасиетінің әзінің қыздары мен келіндеріне де дарығанын мақтанышпен айтамын. Қол ұстасқан қосағымның жарық дүниеден озғанына біраз уақыт болса да қайталанбас өсем келбеті, жылы мінез құлкы, мейірімді, аяулы жүрегі, әйел затына тән даналық қырлары жадымнан әшкен емес. Өйткені аяулы жарым, әмірімнің барлық мәні мен шырайын, берекесі мен мерекесін, ащысы мен тұщысын бірге бөлісті. Тарыққанда демеу, қысылғанда медеу болды. Сондықтан ол мен үшін дара әрі дана тұлға болып қала бермек. Мен өмірінде қандай бір жетістікке жетсем, биіктерді бағымдырсам, игіліктерге ие болсам жан жарым бақытымыздың баяндылығын бекемдеді. Разиямның тәрбиеленген ортасы, тектілігімен дараланғандықтан шығар абыройы мен намысын үнемі жоғары ұстады. Төрге шақса төбедей, төбеге шықса төредей көрінуші еді. Аймағымызға аты әйгілі, ғасыр жасаған Ертай молда: Разиядан мін іздеу, күннің көзінен кір іздеумен бірдей, — дегені елдің есінде. Разия Асқарқызымен жарты ғасыр ғибратты ғұмыр кешкен тағдырыма мың мөрте ризамын. Отбасы өз алдына бір мемлекет. Демек жөн-жосықтары жетерлік. Мәселенің мәнісін үйлестіру әсте оңай шаруа емес. Осы орайда ол барлық шаруаны шеберлікпен реттеп, ақылымен жол тауып отыратын. Өмір болған соң әйелдің де жанына бататын, көңіліне кірбің ұялататын жағдайлар, қапаландыратын сәттер аз болмайды. Сол сәттерде көңілін аулап, көкіректегі кірбіңін сейілтуге, жанын жадыратуға барымды салатынмын. Бірімізге екіншіміз демеуші, тірек ретінде тереңнен түсінісе білдік.

Разия салып кеткен сара жолды қыздары, келіндері және шәкірттері берік ұстанып келеді. Жыл сайын туған күні қарсаңында адал жарымның денесі қойылған зират басына барып, рухына дұға бағыштаймыз. Бақытымды тапқаныма риза едім. Ең өкініштісі жарты ғасырлық алтын тойымды атап өтудің дайындығы басталғанда ғайыптан қол үзіп қалғаным. Қабырғаны қайыстырған қайғыма ортақтасып, ауыр мұңымды бірге бөліскен жанашыр жандардың барына шүкір деп Разия Молдабекованы сағынышпен еске алып, көзі тірі кезінде жанжары Кабдеш Нуркин ақсакал «Сарыарқа самалы» газетіне жылда мақалалар жариялап отырған. Марқұмның топырағы торқа, жатқан жері жарық әрі жұмақтың төрі болсын, — дейміз.

 

Алия ЖУНУСОВА, Павлодар облысы бойынша педагогикалық

қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтындағы

білім мұражайы ісі бөлімінің басшысы

Автор записи: Асет Жакиянов