«Шағын жинақталған мектептерде оқыту әдістемесі»

Шағын жинақты мектептер – бұл алыс мекендерде орналасқан қазақ ауылдарының ұйтқысы, олардың әлеуметтік-мәдени дамуының өзегі. Елбасының «Ауыл – бұл халық өмірінің бейнесі, мәдениеті, дәстүрінің, салты мен рухани өмірінің қайнар көзі. Тек қана осы факторлар жиынтығы бізден ауыл мәселелеріне, соның ішінде оның мектебіне өте сергек қарауымызды талап етеді» деген сөзі мұғалімдерге үлкен міндеттер жүктейді.

Қазіргі таңда еліміздің түпкір-түпкірінде орналасқан шағын елді-мекендердегі мектептердің басым көпшілігі – шағын жинақты мектептер болып есептеледі.  Мұндай мектептер саны тәуелсіздік алған жылдардан кейін жыл сайын өсіп келе жатқаны белгілі. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының ерекшеліктері, ауыл тұрғындарының қалаға көшуі, жастардың ауылда тұрақтамауы шағын мектептер санының көп болуына тіреп отыр. Зерттеу бойынша Қазақстан оқушыларының әрбір жетінші оқушысы шағын жинақталған мектептер жағдайында оқиды және әрбір төртінші мұғалім шағын жинақталған мектептерде сабақ береді.

Мектеп құрылымы бұлай өзгеше аталғанымен, мұндағы білім мен тәрбие сапасына қойылатын талап барлық білім беру мекемелеріне қойылатын талаппен бірдей болып қала береді. Сондықтан да шағын жинақты мектеп жұмысын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлу керек. Қазақстан Республикасы  білім беруді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында шағын жинақты мектептерді дамыту проблемасы басым бағыттардың бірі болып белгіленіп, шағын жинақталған мектептерге ерекше көңіл бөлінген.   Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы демекші, ақпан айында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында  «Шағын  жинақталған мектептерде біріктірілген сынып – комплектілерінде пәндерді оқыту әдістемесі» бойынша курс болып өтті. Курсқа «Өрлеу» БАҰО АҚФ Павлодар облысы бойынша ПҚБАИ, инновациялық технологиялар және жаратылыстану — ғылыми (гуманитарлық) пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы Өміргүл Ертісханқызы басшылық етті. Екі жұма аралығында Өміргүл Ертісханқызы курсымызды қызықты әрі тартымды өткізді.  Әр сабақты түрлі – түрлі тренингпен бастап, көңіл хошымыз болмаса, көңілімізді көтеріп, бойымызға күш – жігер сыйлай білді. Өміргүл Ертісханқызы – көңілі жайдарлы, жан – дүниесі жылулыққа толы, адам жанын сөзсіз ұғып, түсіне білетін, өте ақкөңіл, өте мейірімді, білікті де білімді ұстаз. Екі жұма менің ойыма көптеген естеліктер қалдырды. Келешекте «шағын жинақталған мектепте» жұмыс істейтін жағдай туындаса, осы Өміргүл Ертісханқызынан алған білімімді тәжірибеде қолдана аламын және де, қолдана білемін.  Осындай курсты ұйымдастырған Өміргүл Ертісханқызына алғысым шексіз…

 

Курс тыңдаушысы — Багисова Жансая Барменовна

 Павлодар облысы

Баянауыл ауданы

Сұлужон ауылы

Автор записи: Асет Жакиянов