ӨРЛЕУ ҚОНАҚТАРДЫ ҚАРСЫ АЛАДЫ

Павлодарлық  филиалдың 70-жылдығы аясында «Өрлеу» зейнеткерлікке шыққан қымбатты қызметкерлерімен кездесулерді дәстүрге айналдырды.   Бұл жолы қонақтарымыздың қатарында Ашықбаева Бахыт Абильтаевна мен Кененбаева Шолпан Кененбайқызы болды. Ұйым ардагерлері жақсы көңіл күйде, жылы атмосферада әңгімелері мен өткен күндердің қызықты, жұмысқа толы сәттерімен бөлісті.

Шолпан Кененбайқызы Кененбаева ұстаздардың білімін ұштау алаңында 1991-2011 жылдар аралығында қызмет еткен. Ол кезде біздің орталық «Педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру институты» деп аталатын.

Бұл уақыт еліміздің Тәуелсіздік туы желбіреп, егемендігі енді-енді асқақтай бастап, білім беру саласы да жаңадан жанданып келе жатқан кезеңі болатыны барлығымызға мәлім. Шолпан Кенебайқызының айтуынша жұмыс көп, бірақ барысы өте қызықты болатын.

  • Егемендік енді алған уақыт болатын, бұл кезде мемлекетте білім беру стандарты белгісіз, барысы толығымен жаңадан қарастырылды. Біздің өңірімізде алғашқы гимназиялар ашыла бастады. Гимназия мектептерінің балаларын қалай және не оқыту сұрағы туындады. Сынақ жасадық, мектептерге жаңа білім беру бағдарламаларын енгіздік. Бұл бағытта біздің институтымыз бен оның қызметкерлерінің еңбегі сіңді. Қазігідей не интернет жоқ, сандық технология жоқ. Ұстаздардың жасап жатқан жұмыстарына жасалған сауалнамалар, тесттер мен еңбек есептері, қорап-қорап қағаздардың барлығын жинап, темір жол арқылы Алматыдағы Алтынсарин атындағы ғылыми институтқа жіберетінбіз. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша гимназия мектептеріне оқу бағдарламасы құрастырылатын еді.

Әрине, бұл атқарылған жұмыстың тек бір кішкентай кескіні. Осы араға Бахыт Әбілтайқызымен айтылған мектепте 6-жасар балаларды оқыту сынағы, ағылшын тілін бастауыш сыныптарға оқыту, Шолпан Кененбайқызымен  5-11 сыныптарда химия, биология пәндерін ағылшынша үйрету, бағдарламаға экономикалық білім негіздері пәнін қосу сынақтары, ол үшін педагогикалық кадрларды даярлау,  оларға семинар, дөңгелек үстелдер, курстар ұйымдастыру деген тағы да көптеген басқа да мығым атқарылған жұмыстар туралы қосылып, айтылған жоқ.  Бұл кезеңде қарқынды жасалған жұмысты институт ұжымы жақсы біледі де, өте бағалайды. Өйткені, бұл жас Тәуелсіз елеміздің білім беру үрдісіндегі негізгі әрекеттерінің бірі еді.

Кездесудің соңында Бахыт апамыздың батасын алып,барлығымыз бір қуанып қалдық.

Автор записи: Асет Жакиянов