«Абай жолы» – ғасырлық туынды» облыстық әдеби рингінде бақ сынады

Алып Абай, абыз Абайдың тағылымды өмірінен тәлім беретін «Абай жолы» романын танып, түсіну бойынша өтіп жатқан «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында «Өрлеу» БАҰО» АҚ Павлодар облысы филиалы бойынша ББҮППҚ кафедрасының жұмыс жоспарына сәйкес С.Торайғыров атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханамен бірлесе отырып қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің арасында тұңғыш ринг өтті.

Кафедраның аға оқытушысы С.Шабажанованың бастамасымен ұйымдастырылып отырған әдеби ринг ақын өмірі мен шығармашылығын ғылыми әрі бүгінгі күн тұрғысынан зерделеп, ой пайымдау мақсатында жоспарланды.

 Облыстық мамандандырылған мектептер мен Ақсу, Екібастұз, Баянауыл, Шарбақты, Успен аудандарының мұғалімдері роман-эпопеяның көркем және айшықты тұстары бойынша тағылымды да танымды тартыс көрсетті. Көшелі білімнің иесі атанған тәжірибелі ұстаздардың тағылымды тартысын көру үшін Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледждің студенттері, облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің журналистері, мәдениет қызметкерлері, кітапханашылар жиналды.

Әдеби рингке қатысушылардың білімдерін С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің доценті, ф.ғ.к. Серік Елікбай, «Сарыарқа самалы» газетінің жауапты хатшысы Сая Молдайып, облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қоғаммен байланыс менеджері Алпысбай Хонж сараптады.

3 кезеңді қамтыған әдеби рингтің бірінші бөлімі «Ақынды тану» деп аталып, қатысушылар ақын өмірі мен шығармашылығына байланысты тест сұрақтарына жауап берді.

Екінші кезең «Кейіпкерлер келбеті» деп аталып, роман-эпопеяның әр тарауынан берілген портреттердегі детальдар арқылы басты кейіпкерлерді тауып, оларға сипаттама беруді талап етті.

Үшінші кезең роман-эпопеядан алынған бейне сұрақтармен жалғасты. Әр түрлі ғалымдар мен жас ізденушілер қойған бейне сұрақтардан ұстаздар сүрінбей өтті. Сөйтіп ақын өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби рингте  алдына жан салмаған қыздар командасы топ жарса, жігіттер тобы да олардан қалыс қалмай, аз ғана ұпаймен жол берді.

 Шара барысында көрермендермен викторина ұйымдастырылды, ақын өмірі мен шығармашылығына арналған көрме есігін айқара ашты, сонымен қатар кітапхана ішінде Абай бұрышы ашылды. Тәлімді әңгіме, тағылымды тартыс болған кеш соңында жеңіске жеткен ұстаздарға дипломдар, мадақтамалар мен мәдениет басқармасының атынан ескерткіш сыйлықтар табысталды.

Сонымен жеңімпаз ұстаздардың есімдерін атап өтейік: Ахметова Гүлзина Қабдырахманқызы, Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық гимназия-интернаты, Аханбаева Сәндігүл Ермұратқызы, «Жас дарын» мамандандырылған мектебі, Рахметова Айгүл Алжаханқызы, Ақсу қаласы №2 жалпы орта білім беру мектебі, Ахатов Таңат Қуанұлы, Баянауыл ауданы Ш.Айманов атындағы жалпы орта білім беру мектеп-интернаты, Атабаев Берік Шоқанұлы, Екібастұз қаласы №13 жалпы орта білім беру мектебі, Зейнелхабдыл Аскар, Ақсу қаласы Жамбыл жалпы орта білім беру мектебі, Хафиз Қайролла Құрметбекұлы, Шарбақты ауданы Абай Құнанбаев атындағы жалпы орта білім беру мектебі, Дукеева Нургуль Мукангалиевна, Успен ауданы Қаратай жалпы орта білім беру мектебі.

Ұлы ақын мерейтойына арналған алғашқы шараның тұсауы кесілді. Шеберлік пен шығармашылықтың шеберханасы өз қақпасын ұстаздар үшін айқара ашты.

 

Шабажанова С.К., «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы

Павлодар облысы бойынша ПҚ БАИ» аға оқытушысы