«ИННОВАЦИЯЛЫҚ ИДЕЯДАН – ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ БЕРУ ПРАКТИКАСЫНА» АТТЫ ОНЛАЙН ФОРУМ

Ағымдағы жылдың 2 маусымында «Инновациялық идеядан – жаңартылған білім беру практикасына» тақырыбында аймақтық педагогикалық онлайн-форум өтті, оған 23 филолог – педагог қатысты.

Іс-шараның модераторы «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Павлодар облысы бойынша ПҚБАИ инновациялық білім беру және ақпараттық технологиялар кафедрасының аға оқытушысы А.Ж. Ахметниязова болды.

Форумның мақсаты озық педагогикалық тәжірибені зерделеу және тарату, жаңартылған оқу бағдарламаларын жүзеге асырудағы педагогикалық практиканың инновациялық тәжірибесін тарату, педагогтерге кәсіби шеберліктерін жетілдіруде және дамытуда курстан кейінгі қолдау көрсету.

Павлодар, Екібастұз, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларының орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдері әріптестерімен жаңартылған білім беру мазмұны жағдайындағы өз жұмыс тәжірибелерімен бөлісті:

– Павлодар қаласындағы № 42 ЖОББМ мұғалімі Лаура Сериковна Омарова мұғалімге пән бойынша бөлімдерге жиынтық бағалауды жоспарлауға, ұйымдастыруға және өткізуге көмектесу үшін құрастырылған «Жиынтық бағалауға арналған тапсырмалар жинағы. Орыс тілі. 5-10 сыныптар» атты әдістемелік құралын ұсынды (құрастырушылар: Павлодар қаласындағы филолог-педагогтердің шығармашылық тобы);

– Павлодар қаласының № 21 ЖОББМ мұғалімі Гүлжанат Ехсановна Кунафина оқушыларда бағалау сұрақтарын қалыптастыру дағдыларына үйрету бойынша өз тәжірибесімен таныстырды;

– Екібастұз қаласының №24 ЖОББМ мұғалімі Татьяна Амангельдиновна Текжанова сабақта қалыптастырушы бағалауды ұйымдастырудағы тәжірибесімен бөлісіп, сабақтың мақсатына сәйкес әдістерді таңдауға ерекше көңіл бөлді;

-Ақсу қаласы Достық ауылдық округінің «Спутник» ЖОББМ мұғалімі Әсем Алпысовна Жолкебаева өзінің сабақта қолданатын белсенді оқыту әдістері – «Карусель», «Есте сақтау ойыны», «Не артық» және т.б. туралы айтты;

– Нұр-Сұлтан қаласындағы Тамима бен  Хамада әл-Тани атындағы № 85 лицей-мектебінің мұғалімі Виктория Петровна Хингеева қашықтықтан оқыту жағдайында БЖБ және ТЖБ үшін тапсырмалар құрастыру бойынша жұмыс тәжірибесімен бөлісті.

Форумға қатысушылар мұндай іс-шаралардың өткізілуі тәжірибе алмасуға, пән мұғалімдері мен педагогикалық ұжымдар арасындағы шығармашылық байланыстарды дамытуға, жаңартылған оқу бағдарламаларын іске асыруда педагогикалық практиканың инновациялық тәжірибелерін таратуға, сондай-ақ, әрине, педагогтердің кәсіби шеберліктерінің өсуіне ықпал ететіндігін атап өтті.

Ары қарай біз басқа пән мұғалімдері үшін де форумдар өткізуді жоспарлап отырмыз.